Қазақ жастары Африкаға ауызсу жеткізді

Семейлік жастар қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олар ауызсу тапшылығынан зардап шеккен Африка халқы үшін құдық қазуға бастамашы болды. Қазақстандық сыйлық Камерун елінің Мазаки ауылында орналасқан. Бұл игі істі «Жастар Семей» қоғамдық қоры ұйымдастырып, жоба «Даймохк» қайырымдылық қорымен серіктестікте жүзеге асты.

Құдық қазу жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталып, мердігер компания үш апта ішінде аяқтады. Бұған дейін Мазаки тұрғындары өзен суын пайдалануға мәжбүр болған.

"Жастар Семей" қоғамдық қорының директоры Жәнібек Қабдуллин:
"Қатарымызда мыңнан аса жас бар. Алғашында жобаны жүзеге асыру қиын көрінді, бірақ қазақта «Нартәуекел!» деген сөз бар. Алдымен қажетті құжаттарды реттеп, қаражат жинауға кірістік. Қазан айында мердігер компаниямен келісім жасап, жұмысты қаржыландырдық. Төрт айдан кейін жоба сәтті аяқталды. Бұл қайырымдылықтың шекарасы жоқ екенін дәлелдеді."

Қайырымдылық бастамасына атыраулық жастар да атсалысты. Мақат ауданының жігіттері Камерундағы ауылдардың біріне құдық қазу үшін қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкер Елдос Айбеков Уганданың Наноко ауылына ауызсу жеткізуге көмектесті.

Кәсіпкер Елдос Айбеков:
"Африкадағы су тапшылығы бар аймақтарды ұзақ зерттедім. Құдық қазу үшін жергілікті өкілдермен келіссөз жүргізу қажет болды. Уганда мен Кенияны салыстырғанда, Уганданың жалпы ішкі өнімі үш есе төмен екенін ескеріп, сол елге көмектесуді ұйғардық. Құдық пайдалануға берілгеннен кейін балаларға мектеп құралдарын сыйға тарттық. Тұрғындардың қуанышты жүзін көру – баға жетпес сезім."

Қазақстандықтар қайырымдылық жұмыстарында белсенділігімен ерекшеленеді. Бүгінде елімізде 755 волонтерлік ұйым, 2 мың бастамашыл топ және 275 мың ерікті жұмыс істейді. Олардың арасында 3,5 мың «күміс» волонтер (55 жастан асқан азаматтар) бар.

Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық волонтерлер фронт-офисімен бірлесіп, «Игі істі бөліс» атты республикалық флешмоб бастады. Бұл науқан мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық мәдениетін дамытуды мақсат етеді. Алғашқы аптаның өзінде 300-ден астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланды.

Өткен жылы осындай «Игі істер марафоны» жобасы аясында 7 мың қайырымдылық іс жасалып, оған 50 мыңға жуық адам қатысты.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз