«Қазақфильм» киностудиясы Respect Award жүлдесін иеленді
Ыстамбұл қаласында өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің салтанаттында Ш.Айманов «Қазақфильм» киностудиясы «Түркі елдері кинематографиясына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдемен марапатталды, деп хабарлайды «Қазақфильм» баспасөз қызметі.
Түрік актрисасы Фахрие Эвджен Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатында «Қазақфильм» киностудияның президенті Ақан Сатаевқа Respect Award жүлдесін табыстады.
Бұл шараға Қазақстанның халық әртісі Асаналі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рустем Әбдірашев, актер Берік Айтжанов, актер Еркебұлан Дайыров, актрисалар Альмира Тұрсын және Мадина Есманова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаевтан құралған Қазақстан делегациясы қатысты. Фестивальдің жабылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да бой көрсетті.
Сондай-ақ, «Қорқыт ата» фестивалін өткізу туралы, сондай-ақ кино өнері саласында ынтымақтастық жөнінде Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан министрлері меморандумға қол қойды.
Түркияда алғаш рет өткізіліп отырған Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінде биыл 13 елден барлығы 42 кинотуынды қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі көрсетілді.
Авторы: Мөлдір Адамжан
Фото: баспасөз қызметінің архивінен