Қазақстан бауырлас Түрік елімен ортақ телехикая ұсынбақ
Қазақстан мен Түркия «Қазақфильм» киностудиясы Sataifilm компаниясымен бірлесіп түсірген, режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінің негізінде бірлескен тарихи сериал түсірмекші. Жобаны Түркияның жетекші телеарнасы TRT телерадиокорпорациясы жүзеге асырмақ, деп хабарлайды «Қазақфильм» баспасөз қызметі.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жақында Ыстамбұлда өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival түрік арнасының өкілдерімен кездесуінен кейін белгілі болды. Аталған басқосуға «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы – президенті Ақан Сатаев пен вице-президент Айдар Баталов та қатысты.
Фестиваль барысында түркі әлемі елдерінің кинематография саласындағы ынтымақтастығын дамытуға тың серпін беретін маңызды құжатқа қол қойылды. Келісімге ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Анар Керимов, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов және Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой қол қойды. Құжат аясында тараптар түркі әлемінің киноиндустриясын қолдауға бағытталған бірлескен қор құруға келісті.
Сондай-ақ, фестиваль аясында Ақтоты Райымқұлова «Қазақфильм» киностудиясының басшылығымен бірге белгілі түрік кинематографистерімен және фестиваль қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Түркияның мәдениет және туризм министрлігі алғаш рет ұйымдастырған Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестиваліне 13 елден 42 кинокартина қатысты. Байқау бағдарламасында «Қазақфильмнің» туындылары, оның ішінде режиссер Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтың «Огонь, мерцающий в сосуде» деректі фильмі, режиссер Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмі, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» кинотуындысы және т.б. көрсетілді.
Фестивальдің жабылу рәсімі кезінде "Қазақфильм" киностудиясы Түркі әлемі кинематографиясына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды. Түрік актрисасы Фахрие Эвджен режиссер Ақан Сатаевқа Respect Award жүлдесін өз қолымен табыстады.
Келесі жылы бұл фестиваль Түркияның Бурса қаласында өткізілмек. Ал 2024 жылы Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлов фестиваль түркітілдес елдердің рухани астанасы – Түркістанда өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: баспасөз қызметі архивінен