Қазақстан мен Ресей Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар жоспарын бекітті
Қазақстанның Мәдениет министрі Аида Балаева мен Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимова Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
Жоспар аясында театр фестивальдері, кинопоказдар, көрмелер, конференциялар мен дөңгелек үстелдер секілді түрлі мәдени шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, келесі жылы Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады.
«Іс-шаралар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерліктерін мәңгі есте сақтау мақсатында өткізіледі. Бірлескен бастамалар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», — деді Аида Балаева.
Кездесу барысында тараптар кинематография мен архивтер саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ музей ісі мен театр өнері бойынша мастер-класстар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру туралы да келісімге келді.