"Қазақстан" шахтасындағы жағдай қандай?

Мемлекет басшысы «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында хабарланды.

 

 

«Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанған болатын. Жер астындағы 227 шахтердің 222-і жер үстіне шығарылған, қалған бесеуі іздестіріліп жатқаны хабарланған. Кейін бес адамның бірінің қаза болғаны белгілі болды. Өрттен кейін 8 адам ауруханаға жатқызылған. Екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала тексеріс бойынша, олардың шахта газынан қатты уланғаны анықталған, улы-гипоксикалық энцефалопатия, улану бронхиті диагнозы қойылған.

Полиция аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Қазақстан" шахтасында құтқару жұмыстары түні бойы жалғасты. 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қазір оны беру шаралары жүріп жатыр" деді "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының тау-кен бөлімі атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.

Оның айтуынша, қазір өртті оқшаулау бойынша төрт бөлім істеп жатыр. Тағы үш бөлім үш жұмысшыны табуға күш салып жатыр.

"Жұмысшыларымызды тезірек табу үшін барлық шара қолданылып жатыр. Көмір департаменті мен "Қазақстан" шахтасы тәулік бойы кәсіпорынның басы-қасында" деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді. Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөз жүргізу тапсырылды. 

Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

 

өрт қарағандырағыөрт шахтадағыөрт қазақстаншахтасы
Көбірек оқыңыз