Қазақстан ветеринария ғылымына – 120 жыл: Алматыда халықаралық конференция өтеді

2025 жылдың 15 мамырында Алматы қаласында Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының 120 жылдығына арналған «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа міндеттер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

1905 жылы құрылған Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты – еліміздегі ең көне ғылыми ұйымдардың бірі және ұлттық ғылымның іргетасы саналатын мекемелер қатарында. 2023 жылдан бастап институт «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ құрамында жұмысын жалғастыруда.

Конференцияның мақсаты – ветеринария саласындағы ғылым мен практиканың өзара ықпалдастығын күшейтіп, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бағыттарды әзірлеу және халықаралық тәжірибе алмасу.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Парламент Мәжілісінің, мемлекеттік ұйымдар мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа, Беларусь, Грузия және Тәжікстан сынды елдерден келген жетекші ғалымдар мен сала мамандары қатысады.

Пленарлық отырыста тәуелсіздік жылдарындағы ветеринария ғылымының жетістіктері сараланып, отандық және халықаралық сарапшылар баяндама жасайды. Конференция төрт секция бойынша жалғасады:

  • Жануарлардың жұқпалы, инвазиялық және жұқпалы емес ауруларын баламалау, алдын алу және емдеудің өзекті мәселелері;
  • Биологиялық қауіпсіздік саласындағы биотехнологиялық инновациялар: зерттеулерден коммерцияландыруға дейін;
  • Микроорганизмдердің молекулалық биологиясы және геномикасы;
  • Ветеринария ғылымындағы пәнаралық тәсілдер: тәжірибе және перспективалар.

Екі күндік конференция аясында ғылыми баяндамалар, бірлескен жобалар, технологиялық шешімдер мен өндірістік интеграция мәселелері кеңінен талқыланады. Сонымен қатар, Институт тарихына арналған арнайы кітаптың тұсаукесері және жетістіктер көрмесі ұйымдастырылады.

жаңалықтар Қазақстан
Көбірек оқыңыз