Қазақстан жаһандық бейбітшілік рейтингінде 56-орынға көтерілді
Қазақстан Халықаралық экономика және бейбітшілік институты жариялаған Жаһандық бейбітшілік индексі бойынша 2024 жылы 56-орынға тұрақтап, өткен жылмен салыстырғанда өз көрсеткішін жақсартты. Бұл нәтиже еліміздің Орталық Азия өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылық деңгейі ең жоғары мемлекет ретінде танылуына себеп болды.
Аймақ елдері арасында Қазақстан Өзбекстаннан (67-орын), Қырғызстаннан (78-орын), Тәжікстаннан (79-орын) және Түрікменстаннан (87-орын) озып шыққан.
Жалпы рейтингте алғашқы үштікті Исландия, Ирландия және Жаңа Зеландия бастап тұр. Бұл мемлекеттер тұрақты ішкі қауіпсіздікпен, қылмыстың төмендігімен және халықаралық қақтығыстардан алшақ болуымен ерекшеленеді. Ал тізімнің соңында Ресей (163), Украина (162) және Мьянма орналасқан. АҚШ 128-орынды иеленсе, Израиль 155-сатыда тұр.
Бейбітшілік индексі елдегі қылмыс деңгейі, саяси тұрақтылық, қақтығыстарға араласу, әскери әлеует және қоғамдағы сенімділік деңгейі сынды бірқатар факторға негізделіп есептеледі.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның рейтингтегі ілгерілеуі ел ішіндегі тұрақтылық пен әлеуметтік шиеленістердің азаюымен байланысты. Дегенмен, олар азаматтық сенімді нығайту және халықаралық деңгейде бейбіт бастамаларды ілгерілету жұмыстарын жалғастыру қажет екенін атап өтті.