Қазақстан жапондық туристік гидке енгізілді

Жапондық «Globe-Trotter Travel Guide» баспасы Орталық Азияға арналған «Globe Trotter Central Asia 2025-26» атты туристік гидті жарыққа шығарды. Басылымда Қазақстанға арнайы тарау арналған, онда еліміздің мәдениеті, дәстүрлері және көрікті жерлері туралы жан-жақты ақпарат берілген.

Гидте Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Астана және Ақтау қалалары қамтылған. Сонымен қатар Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, «Алтын-Емел» ұлттық паркі, Бозжыра шатқалы, Тамғалы петроглифтері сияқты бірегей табиғи және тарихи нысандар туралы мәліметтер келтірілген. Жапон туристеріне саяхатты жоспарлауға арналған маршруттар, байланыс деректері мен пайдалы кеңестер ұсынылған.

«Әлемге танымал баспалар Қазақстанның туризм саласына қызығушылық танытып, саяхатшыларға арналған жолсілтемелер шығаруда. Біз жапон туристерінің мәдениетімізді, тарихымызды және табиғатымызды өз ана тілінде тереңірек тануына қуаныштымыз. Бұл жолсілтемеде Қазақстанға арналған арнайы бөлім бар, және оның 50 бетінде егжей-тегжейлі ақпарат берілген. Бұл басылым елімізді танып, зерттегісі келетін жапондықтарға үлкен көмекші болмақ. Биылғы жылдың 10 айында Жапониядан келген туристер саны өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 26%-ға артып, 8400 адамнан асты», — деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

Жаңа гид жапон саяхатшыларына Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек танып, сапарларын оңай жоспарлауға мүмкіндік береді.

Көбірек оқыңыз