Қазақстан жасанды интеллект саласында халықаралық әріптестікті нығайтуда
Париждегі AI Action Summit аясында Қазақстанның цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев жасанды интеллект саласындағы жетекші сарапшылармен маңызды кездесулер өткізді.
Фэй-Фэй Лимен (Стэнфорд университетінің профессоры) кездесу барысында Қазақстандағы ЖИ технологияларын дамыту жоспарлары мен стартаптардың жетістіктері таныстырылды. Фэй-Фэй Ли – ImageNet деректер базасын жасап, заманауи компьютерлік көру технологияларының негізін қалаған ғалым.
Meta-ның ЖИ бойынша бас ғылыми қызметкері Ян ЛеКунмен өткен кездесуде KazLLM жобасы мен ірі тілдік модельдер талқыланды. Қазақстандық KazLLM моделі Meta әзірлеген LLaMA архитектурасы негізінде жасалып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Министр Meta командасымен KazLLM жобасын жетілдіру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруды және Ян ЛеКунды Digital Bridge форумына шақыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Сондай-ақ Clever Cloud компаниясының негізін қалаушы Квентин Адаммен бұлтты есептеулер саласында зерттеу-зертханасын (R&D) ашу мәселесі қарастырылды. Сербияның ғылым және технологиялық даму министрі Елена Беговичпен кездесуде халықаралық Alem.AI орталығының жұмысы мен ЖИ саласындағы білім беру бағдарламалары сөз болды. Сербия делегациясы Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып, Астанаға сапармен келуді жоспарлап отыр.
Министр OpenAI компаниясының Еуропа және Таяу Шығыс бойынша саясат және серіктестіктер жөніндегі басшылығымен кездесіп, электрондық үкіметке ЖИ технологияларын енгізу және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Бұл кездесулер Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық серіктестігін нығайтып, отандық технологиялардың дамуына серпін берді.