Қазақстанда атақты кондитер Гару Харумен кездесу өтеді
2025 жылы Қазақстан Жұмысшы кәсіптер жылын атап өтіп, кәсіби білім мен еңбек дағдыларының қоғамдағы маңызын ерекше назарға алуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұл бағыттың басымдыққа ие екенін атап өтті:
"Кәсіби білім беру саласындағы реформа – аса өзекті мәселе. Бұл – экономикалық өсуді қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы кәсіптер жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Сонымен қатар біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті дәріптей отырып, жұмысшы кәсіптерді танымал етеміз."
Осы бастаманы қолдау мақсатында CULT гастрономия және сервис академиясы 19 наурыз күні әлемге танымал кондитер Гару Хару (Юн Ын Ен) қатысатын бірегей шара ұйымдастырады. Сеулде орналасқан Garu Haru кондитерлік мектебінің негізін қалаушы Гару Хару өз десерттерімен әлемдік деңгейде танылған.

Академияда өткен шеберлік сабақтарынан кейін Гару Хару кондитерлік кәсіптің қазіргі заманғы рөлі мен болашағына арналған жабық кездесу өткізеді. Бұл шараға сән журналдары мен телеарналардың өкілдері шақырылып, гастрономиядағы трендтер, қолөнер шеберлігінің маңызы және кондитерлік өнердің кәсіби білімге қосатын үлесі талқыланады.
Бұл – жай ғана әйгілі кондитермен кездесу емес, сонымен қатар жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, олардың қоғамдағы маңызын терең түсінуге мүмкіндік беретін шара. CULT гастрономия және сервис академиясы Жұмысшы кәсіптер жылына өз үлесін қосып, болашақ кәсіби мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашуды мақсат етеді. Кездесу Алматы қаласында, CULT гастрономия және сервис академиясында (Қабанбай батыр көшесі, 60/3) өтеді.