Қазақстанда азық-түлік өндірісі өсіп келеді
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында еліміздің негізгі азық-түлік өнімдері өндірісінде оң серпін тіркелгенін хабарлады.
Ведомство дерегінше, сиыр еті өндірісі 0,4%-ға артып, 133,6 мың тоннаны құраса, құс еті өндірісі 6,1%-ға өсіп, 157,7 мың тоннаға жеткен.
Сүт өнімдері сегментінде де өсім байқалады. Атап айтқанда, өңделген сүт көлемі 273,5 мың тоннаға дейін көбейіп (өсім – 3,9%), айран өндірісі 5,4%-ға артып, 37,1 мың тоннаны құрады. Сары май өндірісі 12,7%-ға ұлғайып, 15 мың тоннаға жетті. Ал жұмыртқа өндірісі 1,79 миллиард данаға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,3%-ға артқан.
Дәнді және майлы дақылдар өнімдерінің де өндірісі ұлғайып отыр. Бидай ұнының өндірісі 6,5%-ға артып, 1 438,3 мың тоннаны құраса, қарақұмық жармасы 19,4%-ға көбейіп, 10,7 мың тонна болған. Макарон өнімдері 7,8%-ға өсіп, 63,7 мың тоннаға жетті.
Күнбағыс майы өндірісі 21,7%-ға өсіп, 334,5 мың тоннаны құраған. Күріш өндірісі де 21%-ға артып, 84,5 мың тонна деңгейінде тіркелген.
Ең жоғары өсім көрсеткен өнімдердің бірі – қант. 2024 жылдың осы кезеңінде 6,1 мың тонна болған өндіріс көлемі биыл 64 мың тоннаға дейін артып, 10 есе ұлғайған. Сонымен қатар тұз өндірісі 6,1%-ға өсіп, 169,3 мың тоннаға жеткен.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл көрсеткіштер Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етіп отыр.