Қазақстанда ББҚ таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды
Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалау жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген.
Жобаның мақсаты – тұтынушыларды жалған өнімдерден қорғап, ББҚ нарығының ашықтығын қамтамасыз ету. Жобаны жүзеге асырумен Tanba таңбалау операторы айналысады.

Таңбалау кодтары өнімнің бүкіл қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді: өндірушіден – соңғы тұтынушыға дейін. Бұл контрафактілік тауарлардың азаюына ықпал етеді. Tanba өкілі Анар Карибаеваның айтуынша, ББҚ дәрілік заттар сияқты лицензиялауға жатпайтындықтан, таңбалау олардың сапасын бақылаудың тиімді құралына айналады.
Таңбаланған өнімдер тексеруден және сертификаттаудан өтеді. Бұл тұтынушыларға олардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне сенімді болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тиімсіз немесе қауіпті қоспаларды нарықтан уақытылы шығарып тастауға жол ашады.
Пилоттық жобаға өндірушілер, импорттаушылар, дистрибьюторлар және бөлшек сауда өкілдері қатыса алады. Кәсіпкерлер таңбалау жүйесін тегін сынай алады.
Тұтынушылар Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы өнімнің түпнұсқалығын өздігінен тексере алады. Қазіргі таңда аяқ киім, темекі және дәрі-дәрмек үшін міндетті таңбалау енгізілсе, ББҚ, мотор майлары, сыра және зергерлік бұйымдар үшін пилоттық жобалар қолға алынған.