Қазақстанда бет-әлпетті танудың ұлттық жүйесі іске қосылды
Астана мен Алматыда жасанды интеллект технологиясына негізделген ұлттық бейнабақылау жүйесі жұмыс істей бастады. Жаңа жүйе құқық бұзушыларды анықтауға, жоғалған адамдарды табуға және заңбұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген жүйе «компьютерлік көру» функциясымен жабдықталған. Ол іздеуде жүрген адамдарды тану, қоғамдық орындарда қалдырылған заттарды анықтау, жол ережесін бұзуды тіркеу, сондай-ақ автокөлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіру мүмкіндігін береді.
Ақылды камералар вокзалдарда, әуежайларда, сауда орталықтарында және жол қиылыстарында орнатылған. Жүйе енгізілгеннен кейін Астанада 46 құқық бұзушы, ал Алматыда 30 құқық бұзушы ұсталды.
Көшпенділер ойындары кезінде жүйе жоғалған балалар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға көмектесті.
Қазіргі таңда Қазақстанда 1,3 миллионнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның 310 мыңы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған. Алдағы уақытта жүйені кеңейтіп, камералар санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл қоғамдық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік береді.