Қазақстанда мүгедектікті анықтау жүйесі өзгерді: жаңа сараптама қалай өтеді?
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) азаматтарды сырттай куәландыруды жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшылар институты іске қосылды. Бұл жаңа механизм медициналық ұйымдардың бейінді мамандарын сараптама процесіне тартуға мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тәуелсіз сарапшылар институты медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге ықпал етеді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді және мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартады.
Жаңа жүйені енгізу алдында, 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында пилоттық жоба жүзеге асырылды. Бұл кезеңде 18 дәрігер қатысып, МӘС-тің 7 532 актісі қаралды. Пилоттық жобаның қорытындылары бойынша нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізілді.
Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізіліміне үміткерлерден өтінім қабылдауда. Өтініштер Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы қабылданады, үміткерлер жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді.
Бүгінде сырттай куәландыру 30 түрлі нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. 2025 жылдың басынан бері бұл форматта 8,5 мыңнан астам өтінім қаралды.