Қазақстанда құрылыс саласы рекордтық қарқынмен дамып келеді

Құрылыс саласы еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала беруде. Бұл салада Президент тапсырмалары жүзеге асырылып, тұрғын үй бағдарламалары орындалуда, жеке сектордың дамуына жағдай жасалып, құрылыс индустриясы кешенді мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, құрылыс саласы елдің ЖІӨ-нің 6%-ын қамтамасыз етуде. 2019–2024 жылдар аралығында жалпы көлемі 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 39,3 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлер болса, 58,6 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне тиесілі.

2024 жылы рекордтық көрсеткіш тіркелді – 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (173,9 мың нысан, оның 38,9 мыңы – жеке үйлер). Құрылыс-монтаждау жұмыстарының нақты көлем индексі 9 трлн теңгеге жетіп, 115,3%-ды құрады. Салада 53 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның 2,9 мыңы – құрылыс материалдарын өндірушілер.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 3,31 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға артты. Осы кезеңде 11 млн шаршы метрден астам нысан пайдалануға берілді, оның 7,9 млн шаршы метрі тұрғын үйлерге тиесілі. Сондай-ақ 111 мектеп, 17 балабақша және 31 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Биыл 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Соңғы алты жылда тұрғын үй құрылысына 15,4 трлн теңге инвестиция тартылған, оның 1,5 трлн теңгесі – 2025 жылдың алғашқы алты айында.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз