Қазақстанда жаңа кәсіби мереке – Кәсіпкерлер күні белгіленді

Қазақстанда 29 қазаннан бастап жаңа кәсіби мереке — Кәсіпкерлер күні атап өтілетін болды. Тиісті бұйрыққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойып, бекітті.

Мерекенің дәл осы күнге белгіленуі маңызды тарихи оқиғамен байланысты: 2015 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданған еді. Бұл құжат кәсіпкерлік, инвестициялар, бәсекелестік және мемлекеттік бақылау саласындағы негізгі заңнамаларды біріктіріп, бизнесті қолдаудың бірыңғай мемлекеттік саясатын қалыптастырды.

Қазіргі таңда елде 2,3 миллионнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлерді қолдау – экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беруде. Биылдың өзінде 2 мыңнан астам жобаға 288 млрд теңгеден астам субсидия беріліп, 737 жобаға 61 млрд теңге көлемінде кепілдік жасалды. Сондай-ақ 9 мыңға жуық кәсіпкер арнайы оқудан өтті.

2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 270 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. «Өрлеу» жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды, оның мөлшерлемесі – 12,6%. Жалпы қолдау көлемі 750 млрд теңгені құрайды (оның 300 млрд – «Даму» қорының, 450 млрд – банктер ресурстары есебінен). Қазірдің өзінде 200 млрд теңгеге жуық 400 жоба қаржыландырылды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің хабардарлығын арттыру үшін «Цифрлық бизнес картасы» жобасы іске қосылды. 100-ден астам қолдау шарасын қамтитын Реестр бекітілді. «Бәйтерек» холдингі әзірлеген «Bgov» ақпараттық жүйесі мен «eGov Business» мобильді қосымшасы біріктірілді. Бүгінде бұл қосымшаны 71 мыңнан астам пайдаланушы 2,3 млн рет қолданған.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз