Қазақстандық әнші Санат Асуат «Әзірбайжан дауысы» шоуының жартылай финалына өтті
Атыраулық Санат Асуат – «Әзірбайжан дауысы – 2025» халықаралық музыкалық шоуының төртінші маусымында Қазақстан атынан қатысып жатқан жалғыз үміткер. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 20 жастағы студенті байқаудың 5 кезеңінен сәтті өтіп, ақтық сынға жолдама алу үшін жартылай финалға дайындалып жатыр.
Санаттың әлемдік франшиза сахнасындағы өнері бірнеше апта бойы үздіктер қатарынан көрініп келеді. Оның 5 музыкалық қойылымының үшеуі үздік рейтингке енсе, джаз стилінде орындалған «Seven Nation Army» композициясы аптаның және айдың үздік нөмірі ретінде танылды.
Ширек финалда қатысушылар өз ана тілдерінде ән шырқады. Санат бұл кезеңде Жанар Дұғалованың «Ізін көрем» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әнді таңдауға оның тәлімгері, «Eurovision-2011» жеңімпазы Эльдар Ғасымов көмектескен.
– Өз ана тілімде орындаған әнімнің сәттілік әкелгеніне қуаныштымын. Бұл шоу – әр қатысушы үшін шынайы сынақ пен шабыт көзі, – дейді Санат.
Оның сахналық нөмірінде ерекше домбыра партиясы да болды. Бұл фрагментті Бакуде тұратын, домбыра тартуды бес жыл бұрын үйрене бастаған 17 жасар қазақ музыкасын сүйетін Аднан Әмірлі орындады. Ол – «Тұран» ансамблінің солисі Серік Нұрмолдаевтың шәкірті.