Қазақстандық домбырашылар Music Box International Contest байқауында жеңіске жетті

Испанияда өткізілген  Music Box International Contest байқауында  «аспаптық музыка» номинациясы бойынша  қазақстандық домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз жеңіске жетті.

Music Box әлемнің түкпір-түкпірінен келген аспаптық орындаушыларға арналған  халықаралық онлайн-байқау. Қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынаған. Қазақстандықтар бірінші кезеңде Никколо Паганинидің "Каприс № 24" туындысын авторлық өңдеуде орындап, қазылар алқасын таң қалдырды.

Екінші кезеңде домбырашылар "Тақтар ойыны"(Игра престолв)  сериалының саундтрегін орындап, конкурстық бейнеклип түсірген. Бұл номинацияға 36 елдің өнерпаздары қатысқан. Топ ішінен оз шыққан қазақстандықтар ең жоғары балл иеленеді.

Жүлде ретінде музыканттар ұйымдастырушылар есебінен мамыр айында Испаниядағы өткізілетін офлайн-фестивальге жолдама ұтып, танымал музыкалық сарапшылардан жеке шеберлік сабағынын алу мүмкіндігіне ие болды.

Дуэт 2017 жылы дуэт құрылған. Топ мүшелері Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүрген кезінде танысып, өнер жолында сенімді серікке айналады. Олар Димаш Құдайбергеновпен I ' m a Singer конкурсында бірлесіп өнер көрсеткеннен кейін асқан танымалдылыққа ие болды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Токиодағы олимпиада ойындарында домбырашыларды Қазақстанның мәдениет амбассадорлары етіп тағайындады.

Бұл өнерпаздардың қоржынындағы алғашқы жеңіс емес. Бұған дейін олар Bridge TV телеарнасының "Үздік инструменталды дуэт" номинациясы бойынша жүлдесін иеленген, Golden Time Talent халықаралық фестивалінде бірінші орын алып, сондай-ақ Испаниядағы Costa Brava Music фестиваліне қатысқан.

 

Автор: Мөлдір Адамжан 

Суреттер: кейіпкерлердің жеке парақшасынан

Көбірек оқыңыз