Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды
Грекиядағы ең ірі робототехника чемпионаты — FIRST Global Challenge — өзінің мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның жас дарындары 190 елдің арасынан суырылып шығып, басты жүлдені иеленді. Олар тек жеңіс тұғырына көтеріліп қана қоймай, рекордтық нәтиже көрсетіп, өз атағын тағы да растады.
Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан чемпиондық титулды қорғап, халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен танытты. Команданың жетекшісі әрі жаттықтырушысы Асылбек Мұрзахметовтің айтуынша, биылғы жеңіс ерекше маңызды, себебі әлем бойынша ешбір ел екі рет чемпион атанған жоқ, ал қазақстандық балалар үшінші рет қатарынан жеңіске жетті.
«Біз жарыста топ жарып, алтын медальмен ел жүлде қоржынын толықтырдық. Команда құрамында әр жыл сайын жаңадан келген ойыншылар болады, олар ұлттық кезеңде іріктеледі. Бұл біздің жетістіктеріміздің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», — деді Асылбек Мұрзахметов.
Қазақстанның жас робототехниктерінің табыстары тек олардың білімдері мен дағдыларын көрсетіп қана қоймай, еліміздің білім беру жүйесінің инновацияларға деген бейімділігін де айқын көрсетеді. Бұл жеңіс жас дарындардың ынтасын арттырып, болашақта жаңа жетістіктерге жетуге шабыт береді.