Қазақстандық шорт-трекшілер Азия ойындарының тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алды

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында Қазақстанның ерлер құрамасы шорт-тректен алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Финалда нағыз драмалық сәт орын алды: соңғы бұрылыста қазақстандықтар қола жүлдеге үмітті болған, алайда мәреге жақындағанда қытайлық пен кореялық спортшы соқтығысып, бұл мүмкіндікті Әділ Ғалиахметов тамаша пайдаланып, Қазақстанға алтын медаль әкелді.

5000 метрлік эстафетада чемпиондық құрамда Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен, Абзал Әжіғалиев және Глеб Ивченко өнер көрсетті.

Бұл жеңіс Қазақстан тарихындағы шорт-трек бойынша Азия ойындарының алғашқы алтыны болып саналады. Жалпы, Харбинде өткен жарыстарда шорт-трекшілеріміз үш жүлде иеленді, барлығы эстафеталық жарыстарда жеңіп алынды.

Сонымен қатар, әйелдер құрамасы да үздік өнер көрсетіп, 3000 метрлік эстафетада күміс жүлдеге ие болды. Бұл жарыста Яна Хан, Ольга Тихонова, Мәлика Ермек, Зейнеп Құмарқан, Алина Әжіғалиева және Мәдина Жанбусинова өнер көрсетті.

Қазақстандық спортшыларды Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин құттықтады.

жаңалықтар спорт Қазақстан
Көбірек оқыңыз