Қазақстандық спортшылар джиу-джитсудан Азия кубогы мен чемпионатында топ жарды
10-16 ақпан аралығында Бангкокта (Таиланд) джиу-джитсудан Азия кубогы (U14) және Азия чемпионаты (U16-U18) өтті. Жарысқа 30 елден 742 спортшы қатысып, Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Азия кубогы мен чемпионаты – құрлықтағы ең беделді джиу-джитсу турнирлерінің бірі. Бұл жарыстар жас спортшыларға тәжірибе жинап, жоғары деңгейдегі бәсекеде өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Турнир неваза жүйесі бойынша өтті, онда қарсыласты партерде бақылауға алу, буын немесе тұншықтыру әдістерін қолдану арқылы жеңіске жету қажет.
Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, елордалық спортшылардың нәтижелері келесідей:
U14 санаты:
- Садьбий Дархан (69 кг) – 1 орын
- Елюбаева Ясмина (36 кг) – 1 орын
- Сариев Нұрамир (44 кг) – 1 орын
- Беляуш Гордей (36 кг) – 2 орын
U16 санаты:
- Мехдиева Джамиля (48 кг) – 1 орын
- Безрукова Линара (57 кг) – 1 орын
- Әлиақпаров Абдурахман (77 кг) – 1 орын
- Рузахунов Кемаль (69 кг) – 1 орын
- Хайрхан Самир (56 кг) – 2 орын
U18 санаты:
- Цой Анель (44 кг) – 1 орын
- Сулейман Айдана (52 кг) – 3 орын
Қазақстандық спортшылар бұл жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.