Қазақстандықтар енді Мароккоға визасыз бара алады
Қазақстан мен Марокко арасында визасыз режим енгізу туралы келісім бекітілді. Құжат Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланды.
Келісімге сәйкес, екі елдің азаматтары ұлттық/жалпыазаматтық паспорт негізінде визасыз 30 күнге дейін кіре алады, шыға алады, транзиттік сапар жасай алады және уақытша тұра алады. Бұл талап 180 күн ішінде тек 30 күндік мерзімге ғана рұқсат етіледі. Егер азаматтар іскерлік, жұмыс немесе оқу мақсатында ұзақ мерзімге баруды жоспарласа, олар тиісті визаны елшіліктен немесе консулдық мекемеден алуы тиіс.
Келісімнің күшіне ену мерзімі екі тараптың дипломатиялық арналары арқылы соңғы ресми хабарламаны алғаннан кейін 30 күн өткен соң іске қосылады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Марокко үкіметтері 2023 жылдың қыркүйегінде визасыз режим туралы келісімге қол қойған болатын. Бұған қоса, 2024 жылдың қазанында Қазақстан Макаомен визасыз режимді ресми түрде іске қосты, ал қараша айында Қазақстан мен Сент-Китс және Невис арасындағы келісім үкімет қаулысымен бекітілді.
Қазақстан азаматтарына визасыз кіруге рұқсат етілген елдердің толық тізімі «Электрондық үкімет» порталында жарияланған.