Қазақтың «Беташар» салты ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілді

Қазақ халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі – «Беташар» салты ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар репрезентативті тізіміне енді. Бұл тарихи шешім Парагвай астанасы Асунсьон қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қабылданды.

Бұл қуанышты жаңалықты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында бөлісті. Ол:

«Жаңа ғана Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі Беташар адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді», – деп хабарлады.

«Беташар» – қазақ халқының тұрмыс-салт жырларының ішіндегі ерекше орны бар дәстүр. Жаңа түскен келіннің бетін ашу рәсімі оның жаңа отбасына таныстырылуымен қатар, отбасы құндылықтарын насихаттайды және қазақ халқының терең мәдени-рухани мұрасын айшықтайды.

Айта кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО Қытайдың Жаңа жылын, сондай-ақ көптеген әлем халықтарының дәстүрлерін материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізген болатын. Енді «Беташар» салты да жаһандық деңгейде танылып, әлемдік мәдени мұралардың қатарын толықтырды.

Көбірек оқыңыз