Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 95 жас мерейтойын атап өтті
Астанадағы «Астана Опера» театрында қазақтың мақтанышы, халық әртісі, аты аңызға айналған Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына арналған ерекше кеш өтті. Бұл кеште өнерсүйер қауым қазақ мәдениетінің алтын қазынасына айналған тұлғаның шығармашылығына тағзым етті.
Сахна төрінде Бибігүл Ахметқызының шәкірттері мен өнердегі серіктестері ән мен күйдің көркем үлгісін көрсетті. Кеш шымылдығы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан жарқын «Тойбастар» көрінісімен ашылды.
Мерекелік бағдарламаның тағы бір ерекше сәті — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңін тебірене оқуы болды.
Өнердің ұлы тұлғасы бұл жолы сахнада емес, көрермен қатарында отырып, өзі негізін қалаған дәстүрдің бүгінгі жалғасын тамашалады. Бұл кеш қазақ өнерінің ұлы тұлғасына деген шынайы құрметтің белгісі болды.