«Қажымұқан» фильмі Италияда өткен халықаралық кинофестивальде үздік атанды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» көркем фильмі Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде бірқатар беделді жүлделерге ие болды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фильм фестивальдің басты марапаттарын жеңіп алды:
– «Үздік фильм»,
– «Ең үздік ер адам рөлі» (Ербол Төлепберген),
– «Үздік режиссура» (Қанағат Мұстафин),
– «Үздік сценарий» (Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков).

Фильм режиссері Қанағат Мұстафин тарихи драманың сценарийін жазуға 2012 жылы кіріскен. 2020 жылы түсірілім басталып, он жылдан астам уақыт бойы зерттеу жүргізілген. Соның нәтижесінде биыл туынды көрерменге жол тартты.

Фильмнің негізі – қазақтың тұңғыш әлем чемпионы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен ерлігі. Ол – француз күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ. Сонымен қатар Ресей, Кеңес Одағы және әлемдік ареналарда суперауыр салмақтағы классикалық күрестен бірнеше дүркін чемпион атанған. Қажымұқан 50-ге жуық медаль мен марапат иегері, қазақ халқының рухын көтерген ұлттық батыр.

IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалі — 30 жылға жуық тарихы бар, Италияда өтетін беделді халықаралық мәдени іс-шара. Фестиваль жоғары көркемдік деңгейі бар, әлеуметтік маңызы зор, мәдени дамуға ықпал ететін туындыларға ерекше назар аударады. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты өнер иелері осы фестиваль аясында марапатталады.

«Қажымұқан» фильмі осындай халықаралық сахнада танылып, Қазақстан киноөндірісінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 
 
Кино
Көбірек оқыңыз