Қорғаста жаңа әуежай салынады
Германияның федералды канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қорғаста жаңа жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасы туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» компаниясы арасында жасалған келісімге сәйкес, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында әуежай инфрақұрылымының құрылысы басталады.
Жоба үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде сағатына 500 жолаушыға дейін қабылдай алатын жолаушылар терминалы салынады. Сонымен қатар, жылына 550 000 тоннаға дейін отын сақтауға арналған қойма, жылына 250 000 тонна жүк өңдеуге арналған жүк терминалы, сондай-ақ әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық құрылады. Бұдан бөлек, жобаның құрамында туристік және сауда-ойын-сауық қызметтерін дамыту жоспарланған.
Жетісу облысының әкімдігі жаңа әуежай құрылысы үшін қажетті жер телімін бөлді. Бұл жоба аймақтың көлік инфрақұрылымын жақсартып, экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.