Қостанай облысына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келді
«Саламатты Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылған медициналық пойыз Қостанай облысының Денисовка стансасына келіп тоқтады. Бұл бастама шалғай елді мекен тұрғындарын тегін және сапалы медициналық қызметпен қамтуды мақсат етеді.
Пойыз құрамында түрлі сала бойынша 30-ға жуық медициналық маман жұмыс істеуде. Олардың қатарында терапевт, хирург, кардиолог, педиатр, невропатолог, ЛОР дәрігері, офтальмолог, гинеколог, уролог, стоматолог, психолог және функционалдық диагностика мамандары бар.
Тұрғындар флюорография, ЭКГ, гастроскопия сынды диагностикалық тексерулерден өте алады. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық қызметтер де көрсетіледі. Медициналық кеңес пен тексерулер тұрғындар үшін тегін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан.
Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылуда.
Пойыз Денисовка стансасында бірнеше күн аялдап, кейін Қостанай облысының өзге де аудандарына жол тартады.