Қостанай облысында «Mynbala.kz» мобильді кванториумы іске қосылады

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қостанай облысында «Mynbala.kz» мобильді кванториум атты бірегей білім беру жобасы басталады. Бұл – ауылдық және қалалық мектеп оқушыларына арналған жылжымалы білім беру зертханасы. Жобаны Eurasian Resources Group (ERG), Allur компаниялары және «Talimger» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асыруда.

2025 жылғы 26 маусым мен 31 шілде аралығында мобильді кванториум Қостанай облысының 10 елді мекенін қамтитын білім беру сапарына шығады: Қостанай, Жітіқара, Лисаков, Қарабалық, Рудный, Ұзынкөл, Тобыл, Әулиекөл, Амангелді және Арқалық.

Жобаның мақсаты – оқушылардың болашақ мамандықты саналы таңдауына көмектесу, техникалық білімге деген қызығушылығын арттыру және заманауи, қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру.

Бағдарламаға келесі бағыттар кіреді:
– сызу, математика, физика негіздері
– инженерлік жобалау
– робототехника, 3D модельдеу
– электротехника, жасанды интеллект негіздері
– кәсіпкерлік және мотивациялық сабақтар
– кәсіби бағдар және жеке портфолио жасау

«Mynbala.kz» жобасына 7–10 сынып оқушылары, ата-аналар, мұғалімдер, мектеп психологтары мен профориентологтар, сондай-ақ техникалық колледждер мен өндіріс орындарының өкілдері қатыса алады.

Оқушылар нақты құралдармен жұмыс жасап, инженерлік-техникалық бағыттағы дағдыларын жетілдіреді, кәсіпкерлік ойлауды дамытады және профдиагностика арқылы өз бейімін анықтап, мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік алады.

Жоба ауыл мектептерінде қосымша білім берудің тәжірибеге бағытталған моделін енгізуге, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға және колледждермен, жоғары оқу орындарымен, кәсіпорындармен байланысты нығайтуға жол ашады.

Өндірістік компаниялар бұл жобадан болашақта өндірістің сұранысына сай білікті кадрлар дайындауды, сондай-ақ білім беру ұйымдарымен серіктестікті кеңейтуді күтеді.

«Mynbala жобасы – ERG-дің ауқымды кәсіби бағдарлау бағдарламасының бір бөлігі. Бала кім болғысы келетінін білсе – оның болашағы бар. Ал бұл таңдауға компания көмектессе – саланың болашағы бар. Біз оқушыларға мамандықтар туралы нақты ақпарат ұсынып, дұрыс таңдау жасауына ықпал етеміз. Бұл – бизнестің де, жастардың да ортақ мүддесі түйіскен жоба», – дейді
Анастасия Теодоровна Круч, «Евразийская группа» ЖШС-нің персонал және мәдениет жөніндегі Бас директорының орынбасары.

Жобаға қолдау білдірген серіктестер:
– Қостанай облысының әкімдігі
– Өңірлік кәсіпкерлер палатасы
– Қостанай облысы Білім басқармасы
– «Роботек» робототехника мектебі
– ERG колледждер альянсы
– Облыстағы жетекші техникалық колледждер мен университеттер

білім
Көбірек оқыңыз