Қожа қайта оралды: әйгілі фильмнің жалғасы қашан шығады?
Балалық шақтың символына айналған «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасы түсірілді! Өткен жылы бұл туралы ақпарат тарағанымен, жобаны кім қолға алғаны белгісіз еді.
Ұлттық кинематографияның жауһары саналатын «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасын Qalan компаниясы түсіргені белгілі болды. «Қожа: Жаңа саяхат» атты жаңа туынды наурыз айында кинотеатрлардан көрсетіледі.
Бұған дейін көшелерде Сұлтан мен Қожа бейнесі салынған баннерлер жұрттың назарын аударған еді. Классикалық фильмдегі кейіпкерлердің айнымас бейнесі көрермендер арасында қызығушылық тудырып, жаңа жобаның айналасында қызу талқылаулар басталды.
«Менің атым Қожа» фильмі – Бердібек Соқпақбаевтың шығармасының желісімен түсіріліп, бірнеше буын көрерменнің жүрегінен орын алған культтық туынды. Дегенмен жаңа фильм бұрынғы сәттілікті қайталай ала ма – оны уақыт пен көрермен бағалайды.
Жаңа фильмді түсірген Qalan компаниясы – 2018 жылы құрылған, бүгінде 800 мыңнан астам қолданушысы бар, қарқынды дамып келе жатқан EdTech компаниясы. Qalan қазір Араб түбегі, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан сынды елдермен жұмыс істеп, халықаралық деңгейде кеңеюде.