Құмай тазы ит - ежелгі қазақы тұқымы
4 қыркүйек қазақ тазы үшін тарихи күн болды. Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) алдын ала шешіміне сәйкеа Қазақстанға асыл тұқымды иттің иесі ретінде мәртебе берілді. Тазының ежелгі қазақ тұқымы ретінде толық мойындалуы үшін қандай жұмыстар жүргізілуі қажет?
Тазы – қазақтың ежелгі ит тұқымы. Амстердамда Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті осындай шешім қабылдады.
FCI президенті Тамаш Яккель:
«Бүгін сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. Тазы әлем бойынша мойындалған ит тұқымдарының арасында 10-тобына кіреді. Стандарттау жөніндегі комиссия мен Ғылыми комиссия ұзақ мерзімді рәсімдер мен зерттеулерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын!» — деп атап өтті.
Қазақы ит тұқымдарын сақтау және халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынды. 2022 жылдан бастап бұл бағытта маңызды жұмыстар атқарылды.
Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали:
«Ауқымды медициналық зерттеу жүргізілді. Астана қаласында өткен монотұқымды көрмеде арнайы комиссияны шақырып, тазыларды бағалап, зерттеуге мүмкіндік жасадық. Нәтижесінде осындай жетістікке жеттік.» — деді.
Бұл шешім – қазақ тазының халықаралық деңгейде толық мойындалуының негізгі кезеңі.