Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 78 пайызға артқан

Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің туризм саласына жауапты ведомство басшылары бас қосып, салалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Кездесу барысында тараптар өңірлік туризмді дамыту мәселелеріне тоқталып, бірлескен туристік бағыттар қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу сынды маңызды бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты арттыруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Жиында биыл Қытайда өткен Қазақстан туризм жылының қорытындысы да сөз болды. Айтулы жоба аясында 37 ірі іс-шара ұйымдастырылып, Қытайдың алдыңғы қатарлы туроператорларымен 200-ден астам келісім жасалған. Осы нәтижесінде Қытайдан Қазақстанға келетін туристер саны 78%-ға өскен.

«Туризм – ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың маңызды тетігі. Алдағы уақытта ортақ бағыттар әзірлеп, визалық рәсімдерді оңтайландыру, саланы цифрландыру және туризмнің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін мамандар даярлау секілді басым міндеттер күн тәртібінде тұр», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев.

Кездесу қорытындысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туризм саласындағы өзара іс-қимылын үйлестіру мен тереңдетуге бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.

туризм
Көбірек оқыңыз