Қытайдан Қазақстанға туристік сұраныс 86%-ға артты
Қазақстан Қытай туристері үшін тартымды бағыт ретінде позициясын күшейтіп келеді. SINA Finance басылымының дерегінше, 2024 жылдың басынан бері Қытайдан Қазақстанға әуе билеттерін брондау көлемі 86%-ға артқан.
Сонымен қатар, 2023 жылмен салыстырғанда Қытай туристерінің Қазақстанда жұмсаған шығындары 87%-ға өскен. Ұлттық банк мәліметінше, 2024 жылы Қытайдан келген қонақтар Қазақстанда 307 миллион АҚШ долларына тауарлар мен қызметтер сатып алған.
Сарапшылар бұл өсімді визасыз режимнің енгізілуімен, көлік қатынасының кеңеюімен және Қазақстанның Қытай нарығындағы жүйелі туристік ілгерілету жұмыстарының нәтижесімен байланыстырады.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлының айтуынша:
«Біз Қытай нарығында еліміздің туристік әлеуетін белсенді ілгерілетіп келеміз. Биыл Tongcheng Travel онлайн-туроператорынан «2025 жылдың ең перспективалық жаңа бағыты» марапатын алдық. Өткен жылы осы платформада Қазақстанға деген сұраныс 300%-ға артқан».
SINA Finance сараптамасы бойынша, «Орталық Азия – Қытай» саммитінде белгіленген басым бағыттар екіжақты туризмнің, әсіресе шекара маңындағы бағыттардың ұзақ мерзімді дамуына оң әсер етеді.