Қызылордада ең ірі музей ашылды
Қызылорда қаласында заманауи тарихи-мәдени орталық ашылды. Бұл — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен жүзеге асырылды. Орталық өңір тұрғындарына тарту етілген маңызды мәдени нысан болумен қатар, аймақтың туристік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Өскелең ұрпақ осы орталық арқылы өңірдің тарихын, мәдениетін тереңінен таниды деп сенеміз. Әрбір жәдігер – рухани байлығымыздың дәлелі. Бұл – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Қор соңғы 4 жылда Қызылордада 13 әлеуметтік жобаны іске асырды. Мәселен, үстел теннисі орталығы, «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Жыл соңына дейін балаларға арналған оңалту орталығын іске қосамыз», – деді Ғибрат Ауғанов.

Жаңа музей ғимараты – архитектуралық және технологиялық жағынан қазіргі заман талаптарына сай. Ол 250 мыңнан астам экспонатты сақтауға мүмкіндік береді, бұл қазіргі облыстық музей қорынан 3,5 есе артық. Жаңа орталықтың аумағы 1953 жылы салынған бұрынғы өлкетану музейінің аумағынан екі есе үлкен.
Мұражайда 12 экспозициялық зал бар. Олар палеонтология, археология, Қазақ хандығы дәуірі, этнография, Қызылорда тарихы, Алашорда, Ұлы Отан соғысы, мәдениет пен өнер, әлеуметтік-экономикалық даму, ғарыш, тәуелсіз Қазақстан сияқты тақырыптарға арналған. Экспозициялар заманауи цифрлық технологиялармен толықтырылған: жасанды интеллект жүйесі, панорамалық және диорамалық инсталляциялар, интерактивті LED экрандар.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры соңғы бес жылда Қызылорда облысында 1,8 млрд теңгеге 13 әлеуметтік жобаны іске асырды, олардың қатарында спорт кешендері, оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік инфрақұрылымдар бар.