Ресей визасы әңгімелесуден кейін беріледі
Шетелдіктер Ресейге виза алу үшін жаңа ережелерге сәйкес, әңгімелесуден өтеді. Ресей Үкіметінің жаңа қаулысына сәйкес, визалық өтініштерді қарау барысында уәкілетті органның қызметкері өтініш берушімен жеке әңгімелесу өткізіп, сапар мақсаты мен басқа да мәліметтердің дұрыстығын тексереді.
Әңгімелесу кезінде шетелдіктер сапардың мақсатын растайтын қосымша құжаттарды ұсына алады.
Ресейге кіру үшін көпшілік Еуропа елдерінің, АҚШ, Канада, Австралия және кейбір Африка мен Оңтүстік Америка елдерінің азаматтары виза алуы қажет. ТМД елдерімен, Кубамен, Венесуэламен, сондай-ақ белгілі шарттармен Қытай, Түркия, Сербия және басқа елдермен визасыз режим орнатылған.
55 елдің азаматтары консулдыққа бармай-ақ электронды виза ала алады. 2023 жылдың тамызынан бастап іске қосылған электронды виза жүйесі арқылы жыл ішінде 540 мыңнан астам виза берілді. Электронды визалар саны бойынша Қытай көшбасшы — 254,2 мың виза. Үздік үштікке Сауд Арабиясы (43,4 мың виза) мен Германия (42,6 мың виза) енді. Түркия (32,8 мың виза) мен Эстония (28,6 мың виза) көшбасшылар бестігін аяқтайды.