Ш. Уәлихановтың 190 жылдығына арналған көрме өтеді
2025 жылғы 12 маусым күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушысы, саяхатшысы және этнографы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған «Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы» атты мерейтойлық көрменің ашылу салтанаты өтеді.
Көрме ҚР Ұлттық музейі, Ш.Уәлиханов атындағы Алтынемел мемориалдық музейі және Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің бірлесуімен ұйымдастырылып отыр.

Көрменің мақсаты – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми еңбектерін кеңінен таныстырып, Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан үлесін насихаттау.
Негізгі бөлімдер:
- Ғалымның балалық шағы мен алғашқы зерттеулері, Омбыдағы Сібір кадет корпусындағы кезеңі;
- Қашғария экспедициясы (1858–1859), нәтижесінде Еуропаға танылған есімі;
- Ғылыми мұрасы – тарих, этнография, құқық және география салаларындағы еңбектері;
- Өнердегі Шоқан бейнесі – әдебиет, сурет, кино салаларындағы көріністер.
Көрмеде ұсынылатын құндылықтар:
- Шоқанның қолжазбалары мен хаттары, ғылыми жазбалары;
- Жеке заттары: тапанша, белбеу, сандық, отбасылық бұйымдар;
- Қашғария сапарына байланысты тарихи деректер;
- Мұрағаттардан алынған сирек фотоматериалдар мен құжаттар.
Ашылу күні ғалымның ғылыми мұрасы мен қоғамдық рөліне арналған дөңгелек үстел өтеді. Оған тарихшылар, этнографтар, музей қызметкерлері, өнертанушылар мен студенттер қатысады.
Көрме 2025 жылғы 12 шілдеге дейін жалғасады.