Салтанат үшін: америкалықтар жаңа заңды жоғары бағалады
20 мамырда Астанада адам құқықтары және демократиялық реформалар бойынша жыл сайынғы үшінші жоғары деңгейдегі диалог өтті. Диалог барысында АҚШ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу саясатын қолдады.
Бұл кездесуде тараптар адам құқықтарының сақталуына қатысты бірқатар негізгі саналатын заңның үстемдігін қалай қамтамасыз ету, сөз және діни сенім бостандығын, аз ұлттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапынан ҚР Президентінің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Ержан Қазыхан, ал америкалық тараптан АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея қатысты.
«Америка Құрама Штаттары Президент Тоқаевтың реформалық бастамаларын толық іске асыруды табанды түрде қолдайтынын алға тартты. Сондай-ақ Қазақстанның адам құқықтарын, соның ішінде 2024 жылдың сәуірінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп санайтын заңнаманың қайта қабылдану жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды қорғаудағы өте маңызды қадам», - делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде.
Адам құқықтарын құрметтеу және қорғау, оның ішінде сөз бостандығына кепілдік беру және тәуелсіз БАҚ-ты қолдау салауатты және демократиялық қоғам негізі екенін америкалық тарап атап өтті. АҚШ делегациясы Қазақстандағы реформаларды қолдайтынын және олардың азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді араласуымен жалғасатынына сенім білдірді.