Шәмші Қалдаяқовқа арналған алғашқы пошта маркасы жарық көрді

«Қазпошта» АҚ мен «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының бастамасымен Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған әлемдегі алғашқы пошта маркасы шығарылды. Айрықша жаңалықтың тұсаукесері 3 маусым күні – Ұлттық рәміздер күні қарсаңында өтеді.

Марка сазгердің 95 жылдық мерейтойына орай әзірленіп, Қалдаяқовтың ұлттық музыка тарихындағы бірегей орны мен оның өнер саласына қосқан үлесін айшықтайды.

Жобаның авторы және идеялық бастамашысы – «Шәмші әлемі» қорының атқарушы директоры Ботагөз Қалдаяқова. Ал марка дизайнын жасаған – суретші Хайролла Рауан Абайқызы.

«Пошта қызметі» филиалының пошта төлем белгілері басқармасының бастығы Айжан Каримханқызы Омарованың айтуынша, бұл марка өте шектеулі таралыммен шығарылған. «Оны еркін сатылымнан табу қиын, сондықтан марка филателистер үшін сирек кездесетін әрі құнды дүние ретінде жоғары бағаланбақ», – дейді ол.

Айта кетейік, 2025 жылы қор сазгердің мерейтойына орай бірнеше ірі мәдени іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Соның алғашқысы – осы естелік пошта маркасын шығару.

жаңалықтар тұлға
Көбірек оқыңыз