Шымкенттік студент армрестлингтен «Әлем кубогін» жеңіп алды

Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен халықаралық армрестлинг жарысында Жұмабек Ташенов атындағы университеттің студенті Нұрислам Амангелдіұлы үздік шығып, «Әлем кубогын» жеңіп алды.

Жарысқа Өзбекстан, Украина, Үндістан, Молдова, Иран, Қырғызстан, Қытай және Грузия елдерінен келген мықты спортшылар қатысты. Алайда, Нұрислам барлық қарсыласынан басым түсіп, өз күшін дәлелдеді.

"Біздің университетте сапалы білім алумен қатар, спортпен айналысуға да барлық мүмкіндік жасалған. Мұнда 30-дан астам студенттік үйірме мен клуб жұмыс істейді. Соның ішінде қол күресі үйірмесінде 40-қа жуық білім алушы жаттығады. Армрестлинг – бұл тек білек күшін ғана емес, шапшаңдық пен тактиканы да талап ететін спорт түрі. Бар күшіңді санаулы секунд ішінде көрсетуің керек. Сондықтан білекті, иықты және қол бұлшықеттерін кір тасымен, зілтемірмен, резеңкемен жаттықтыру маңызды. Бұл спортта тек күш қана емес, жүрек пен ақыл да шешуші рөл атқарады," – дейді әлемдік жарыстың жеңімпазы.

Айта кетейік, бұл жарыста Қазақстан намысын қорғаған Шардарадан келген 48 спортшы да алтын медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті.

жаңалықтар спорт
Көбірек оқыңыз