Сырдарияда суға кеткен бүтін әулет: денесі табылғандар жер қойнауына тапсырылды.
Түркістан облысында 21 тамыз күні кешкі, сағат 18:00 шамасында суға батып кеткен 11 адамның 2-еуінің денесіне іздеу салынған болатын. Бүгін 10-шы адамның денесі табылғаны туралы ақпарат берілді. Тағы бір жасөспірімді іздеу әлі де жалғасып жатыр.
Түркістан облысында Сырдария өзеніне демалуға барған 20 адамның 11-і суға батып кеткен еді. Белгілі болғандай барлығы бір әулеттің адамдары. Олар суға түсуге арналмаған жерде шомылған. Қайғылы оқиғаға қатысты Түркістан облысы әкімдігі төмендегідей болжам жасады:
«Барлығы шомылатын жер емес екендігін білген. Себебі, ешбірі суға шомылатын киіммен түспеген. Су жағасында отырғанда кішкентай қыздың бірі аяғы тайып, құлап кеткен. Оны құтқармақ болып соңынан анасы секірген, әкесі секірген. Содан ағын судан шыға алмай қалған деген болжам бар»
Облыс әкімі қаза болғандардың әулетіне арнайы барып көңіл айтты. Көпшіліктің көңілін қайыстырған 11адамның қазасы ережелерді ескеруге тағы бір себеп.