Такси мен әуе қызметіне шағымдар екі есе артты – Министрлік тарифтік саясатты қайта қарауға кірісті
2025 жылдың алғашқы алты айында Көлік министрлігі мен тұтынушылар құқығын қорғау органдарына такси мен әуе компанияларының қызметіне байланысты 37 мыңнан астам шағым түскен. Бұл — 2021 жылдың бүкіл көрсеткішінен екі есе көп. Халықтың наразылығы тек бағаға емес, қызмет сапасына да қатысты болып отыр.
Мәселенің ушығуына байланысты Көлік министрлігі мен жергілікті әкімдіктер такси агрегаторлары мен әуе тасымалдаушыларының тарифтік саясатын қайта қарауға кірісті. Бұл шешім Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында қабылданды.
Сондай-ақ такси қызметі мен туризм саласына арналған жаңа сапа стандарттары әзірленбек. Министрлік бұл қадам нарықтағы әділетсіз бәсекелестікті жоюға және қызмет сапасын жақсартуға бағытталғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, көлік саласы — тұтынушылар тарапынан түсетін шағымдардың жалғыз көзі емес. Қазір азаматтар онлайн саудадағы алаяқтықтарға, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасына, медициналық және банк секторындағы мәселелерге байланысты да жиі шағымдануда.
Билік өкілдері тұтынушылар құқығы саласындағы қордаланған түйткілдер кешенді шешімді қажет етеді деп есептейді. Нарықты реттеп, азаматтардың сенімін қалпына келтіру алдағы кезеңдегі басты басымдық болмақ.