Талғарда Орталық Азия бойынша алғашқы футбол академиясы салынады
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болып, болашақ «Атлетико де Мадрид» футбол академиясының құрылыс алаңында жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Жоба Талғар ауданындағы «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда.
2024 жылдың қыркүйек айында «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігі мен «Doscar Group» ЖШС испаниялық атақты футбол клубы «Атлетико де Мадридпен» бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясы құрылатын болады.

Академия құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі:
- Бірінші кезең — балалар академиясының нысандарын салу. Бұл жұмыстар 2025 жылдың мамыр айында басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңының реконструкциясы жүргізілуде. Ал құрылыс нысандарының пайдалануға берілу мерзімі – 30 маусым.
- Екінші кезең — кәсіби футбол командаларына арналған инфрақұрылым құрылуы жоспарланған.
- Үшінші кезең — 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу.

Қазіргі уақытта жобаның келесі нысандары бойынша жобалық құжаттамаларды келісу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар:
- 20 киім ауыстыратын бөлмесі, душ кабиналары, медициналық пункттері, жаттығу және конференц-залдары, көрермендер алаңы бар әкімшілік-тұрмыстық кешен.
- Қыс мезгілінде жаттығуға арналған жасанды жабыны бар жабық каркас футбол залы.
- Жасанды төсемі бар екі ашық футбол алаңы, қақпашыларға арналған жаттығу алаңы.
- Бұрынғы садақ ату ғимаратын заманауи өткізу пунктіне айналдыру, кіру аймағы, санитарлық тораптар, күту залы және кафетерий.
«Атлетико де Мадрид» футбол академиясы тек спорттық база ғана емес, әлемдік деңгейдегі футболшыларды даярлайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін беретіні күтілуде. Алматы облысының әкімдігі бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетіп, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құрылыс барысын үйлестіру және қажетті рұқсат құжаттарын жеделдету жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстайды.