Тараз қаласына 14 елдімекен қосылады

Тараз қаласының аумағы кеңейіп, құрамына Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елдімекен қосылады. Бұл ауылдарда 45 701 адам тұрады, ал қосылатын аумақтың көлемі 13 019 гектарды құрайды. Осылайша, қаланың халқы 479 мыңнан асып, жаңа Бас жоспар аясында екі аудан құрылатын болады.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кеңесте қалаға қосылатын елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері талқыланды. Кеңеске Тараз, Байзақ және Жамбыл аудандары әкімдіктерінің өкілдері мен жаңа аумақтар әкімдері қатысты.

Басқосу барысында Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков пен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков жаңадан қосылатын ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды. Қала әкімі бұл мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті.

"Бүгінде көне шаһарға қосылатын ауылдарда өзекті мәселелер жоқ деп ойламаймын. Әрине, олардың бәрін бірден шешу мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен, барлығымыз бірлесе, тұрғындардың сұранысын орындап, олардың жайлы тұрмысы үшін жағдай жасауымыз қажет. Әсіресе, бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер бар. Осы кезеңге дейін жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Енді сол зерделенген, нақтыланған проблемалардың шешілу жолдарын ұсынуымыз керек", – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді. 

Аталған өзгерістер қала халқының өмір сапасын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған. Тараздың жаңа Бас жоспары аясында жүзеге асырылатын бұл жұмыстар көне шаһардың болашағына тың серпін бермек.

 

Көбірек оқыңыз