Тәркіленген 500-ден астам жәдігер Қазақстанның мұражай қорына қайтарылды
Сот шешімімен тәркіленген жеке тұлғаларға тиесілі 500-ден астам жәдігер мұражай қорына өткізілді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Шетелдегі тарихи және құнды сирек жәдігерлерді елге қайтару – мәдениет саласындағы басым бағыттардың бірі. Біздің еліміздің қазақ халқына тиесілі мәдени құндылықтарды тарихи отанына қайтару тәжірибесі бар. Соңғы жылдары бірқатар тарихи және құнды сирек заттар елге қайтарылды. Атап айтқанда, Кекі батырдың бас сүйегі Қостанай облысындағы тарихи отанына Ресей Ғылым академиясының Петровский атындағы антропология және этнография мұражайынан (Кунсткамера) әкелінді.
Ведомствоның ресми ақпаратына сәйкес, соңғы 3 жылда республикалық музейлер мен министрліктің құқық қорғау органдары бірлесіп, сот шешімімен тәркіленген жеке тұлғаларға тиесілі 500-ден астам жәдігерді музей қорына өткізген.
— Мемлекеттік орталық мұражай қоры еліміздің әртүрлі тарихи кезеңдерінің тарихын, мәдениеті мен өнерін көрсететін 360 жәдігермен, сондай-ақ Ұлттық музей қоры 176 жәдігермен толықты. Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, музейде қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты құндылықтарды іздестіру, анықтау және қайтару бойынша тұрақты жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Таймағамбетов, кандидат, профессор З.Самашев, қару-жарақ өндірісінің тарихын зерттеуші Қ.Ахметжан кірді, деп хабарлады министрлік.