Тазы мен төбет халықаралық деңгейде насихатталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Dog Show 2025 дүниежүзілік көрмесіне қатысып, қазақы тазының халықаралық аренада лайықты бағасын алғанын атап өтті. Президент бұл тұқымды ұлттық бренд, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі ретінде әлемге кеңінен таныту – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айтты.

Бұл туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram арнасында хабарлады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, тазы тұқымын дамыту, оның бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу бағытында Қазақстан кинологтар одағы мен мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс.

Мемлекет басшысы Іс басқармасы, Экология және табиғи ресурстар, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы, Сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ жергілікті әкімдіктерді осы мақсатқа арналған бірыңғай жоспар аясында шаралар қабылдауға міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев төбет тұқымын да ерекше қамқорлыққа алып, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізуді тапсырды. Бұл мәселе Президент Әкімшілігінің тұрақты бақылауында болады.

жаңалықтар тоқаев
Көбірек оқыңыз