Терренкур учаскесін модернизациялау маусым айында басталады
Алматыдағы Терренкур саябағында жалпы ауданы 3,4 га учаскені модернизациялау басталады.
Тәттімбет көшесі мен Достық даңғылына параллель орналасқан бұл аймақта тоған бойымен жаяу жүргіншілер жолы мен өтпелі көпір салынады. Су жағасында қойылымдарға арналған сахнамен қоса ашық аспан астындағы амфитеатр және спорт алаңдары салынып, 20 жыл бойы жарамсыз күйге түскен Терренкурдағы әйгілі ротунда да түрленеді. Модернизациялау аясында тоғанды абаттандыру да қарастырылғандықтан қазіргі уақытта онда су жоқ.
Жалпы аумағы 19,6 мың м2 учаскені абаттандыру, 2,8 мың м2 алаңға тротуар төсеу және автоматты суару жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жоспарлануда. Жөндеу жұмыстары маусым айының басында басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Жаңартылған қоғамдық кеңістік алаңды алматылықтар мен қала қонақтары үшін жайлы әрі тартымды демалыс аймағына айналдырады.
Естеріңізге сала кетейік, Теренккурдағы сауықтыру жолы 1974 жылы салынған. Жеке меншік аймақта 20 жылдан астам уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2023 жылы учаске коммуналдық меншікке қайтарылды, содан кейін қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды.