Tiger Film ұсынған «Менің үлкен қазақ отбасым» фильмі

Бұл режиссер Ален Ниязбековтың комедиялық фильмі. Сюжет Манарбектің отбасы айналасында өрбиді. Отағасының рөлін актер Қуандық Шакиржанов сомдайды. Әкенің мінезі мен эмоциясын, болмысын  актер шебер жеткізеді.  Фильмнің сюжеті бойынша ол төрт баланың әкесі. Үлкен ұлы армян қызына үйленген. Екі қызының біреуі орысқа, екіншісі кәріске тұрмысқа шығады. Әкенің ендігі үміті – актриса Дина Тасболатова ойнайтын, Бұлбұлдың есімді кенже  қызы. Ол Еуропада жоғарғы оқу орнын бітіріп, күйеу жігітін  ата-анасымен таныстыру үшін үйіне оралады.  Бірақ  ата-анасының екеуі де өз таңдауын жасап, қыздары шешімдерін қолдайды деп санайды. Шынар Асқар рөлін сомдайтын анасы күйеу баласы ретінде бизнесмен жігітті таңдап қойған. Ал әкесі батылдығы мен мықтылығы баурап алған батыр жігітті таңдайды. Екеуі де кенже қыздары міндетті түрде қазаққа тұрмысқа шығады деп есептейді.

Фильмнің актерлік  құрамы ерекше таңдалған. Кино әлемнің жарық жұлдыздарымен қатар дебютанттар да бар. Біз актерлермен сұхбаттасып, олардың кейіпкерлермен жақынырақ таныстық.

Дина Тасболатова:

Менің кейіпкерім Бұлбұл – отбасының кенжесі, аздап ерке, дегенмен ақыл тоқтатқан. Ол отбасы мүшелерінің ішінен шетелде оқыған ең алғашқысы. Екеуміздің ұқсастықтарымыз өте көп. Сондықтан кейіпкерімді ашу қиынға соқпады. Маған командамен тіл табысу оңай болды, өйткені біраз актерлармен бұған дейін бірге жұмыс істегенбіз. Айта кету керек, менің күйеу жігітімді ойнаған актердің бұл дебюттік рөлі. Бірақ, соған қарамастан, ол өз міндетін жақсы орындады. Алдын ала сюжетпен бөліспей-ақ қояйын. Бірақ өз кейіпкерімді толығымен қолдаймын. Мен үшін барлық адамдар тең. Махаббатқа ештеңе кедергі болмау керек деп ойлаймын.  

Рүстем Алмағамбетов:

Мен өз кейіпкеріме ұқсаймын деп айта алмаймын. Сюжетті толығымен ашуға болмайтындықтан бәрін егжей-тегжейлі айтпаймын. Бірақ ол сәл өзімшіл, ловелас жігіт. Өзін-өзі қатты жақсы көреді және әрқашан басты назарда болғысы келеді. Ол басты кейіпкерге ғашық деп айта алмаймын. Бірақ бұл қыздың жүрегіне басқа біреудің таласуы оны күресуге мәжбүр етті. Дамир – менің алғашқы дебюттік рөлім. Командаға маған барынша қолдау көрсеткені үшін өте ризамын. Бұған дейін мақсатты түрде спортпен айналыстым. Жүгірушілер командасында болдым. Кейін мені Instagram-нан байқап, осы касттың бір мүшесі болуға шақырды. Біз актерлермен жақсы қарым-қатынаста болдық, шыныменде бір үлкен отбасыға айналдық. Фильм өте мейірімді, әрі терең мағынаға ие. Мен ұлттарды бір-бірінен бөлген дұрыс емес деп санаймын. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Біз бәріміз бір үлкен отбасымыз. Менің ойымша, фильм шыққаннан кейін бұл мәселеге деген көзқарас өзгереді деп ойлаймын.

Олжас Әлжанов:

Менің кейіпкерімнің есімі – Ерасыл. Оны әкесі өзінің кенже қызына лайықты күйеу жігіт деп санайды. Оның батырлығы, батылдығы, қазақы рухы отағасына ерекше ұнайды. Сосын күйеу жігіттің мәртебесі үшін шайқас басталады. Бұл рөлді ойнап шығу маған қиын болған жоқ. "Маған өз-өзіңді ойнасаң болады, асыра сілтеудің қажеті жоқ" деген еді. Түсірілім процесі өте қызықты өтті. Мен үшін шытырман оқиғаларға да толы болды. Менің кейіпкерім – батыр. Демек оның образын ашу үшін лайықты сахналар да көп болады. Каскадерлердің болғанына қарамастан, ат үстінде трюк жасауым керек бір эпизод болды. Мен сол кезде аттан құлап, жарақат алдым. Нәтижесінде түсірілім аяқталғанға дейін сынған қолмен жүрдім. Өйткені гипс кадрде кедергі келтірер еді. Соған қарамастан мен осы команданың құрамына кіргеніме өте қуаныштымын. Ерасыл – мен көптен бері ойнағым келген кейіпкер. Тарихи фильмдерге түскім келген еді. Дегенмен, батырдың бейнесін комедия жанрында аша алдым. Менің ойымша, Ерасыл көрермендердің көзайымына айналады. Қазақ рухы, ата-бабамыздың күші әрқайсымыздың бойымызда бар. Меніңше, бізге әрқашанда Ерасыл сияқты батырлар керек. Фильмнің өзі отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді, қоғамға сіңіп кеткен стереотиптерді, ұлы махаббаттың күшін көрсетеді. Мен әрбір көрермен осы фильмнен белгілі бір ой түйетініне сенімдімін. Ұлтаралық некеге қарсы шыққандардың бәрі қателеседі деп айта алмаймын. Бұл әр отбасының ішкі ережелеріне байланысты. Біреу үшін бұл қалыпты жағдай, біреу үшін тыйым салынған әрекет. Дегенмен, ең бастысы – бақытты болу. Әр адам маңызды сәттерде өзі таңдау жасағаны дұрыс.

Фильм тек жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ең бастысы  бақыт екенін түсінуге мүмкіндік береді. Ұлттың жаманы жоқ, мәселе тек адамның өзінде. Ал жүрек кімді жақсы көретінін таңдамайды. Біз көпұлтты елде тұрамыз және әрқайсымыздың таңдау жасауға құқығымыз бар. Фильм Kinopark-Kinoplexx Theatres-тің 2021 жылы толық метражды фильмдерін шығару мақсатында құрылған Tiger Films арнайы бөлімшесінде түсірілген. Премьера 23 желтоқсанға жоспарланған.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Фото: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз