Түркияда «Абай үйі» ашылды

«Исмил қазақ түріктері мәдени және әлеуметтік көмек қоғамы» Конья облысында жаңа ғимараттың жанында «Абай үйі»-нің ресми ашылу салтанаты өткізді.
 Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиевпен қатар «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, Ыстанбұл қаласы Зейтінбұрны ауданының әкімі Өмер Арысой, Қаратай ауданының әкімі Хасан Кылжа, Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамы басшысы Мухаммет Алим қатысты. Сонымен қатар Түркияның Ыстанбұл, Анталья, Алания, Конья, Маниса, Нигде провинцияларында және Германияда тұрақты мекендейтін қазақ қандастарымыз қонақ болды.


Жаңа ғимаратта қандастарымыз бен жергілікті тұрғындарға домбыра үйірмесі, қазақ тілі курстары, сондай-ақ мәдени шаралар ұйымдастыру көзделуде.


Қазақстаннан арнайы келген өнерпаздар шараның көркін аша түсті. Атап айтқанда, Қарағанды филармония әншісі Меруеш Башай «Көк тудың желбірегені», әнші Дастан Кабилов «Молдабайдың әні», күйші Нұрдәулет Шілдебаев «Аққу» күйін, ҚР еңбек сіңірген әртісі, танымал қобызшы Ғайни Болтаева «Отан Ана» шығармаларын орындап, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.


Түркияға жан-жақтан жиналған қазақтар қайта көрісіп, қазақ тілінде шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй – алыстағы ағайынның рухын көтеріп, ұлттық тағамнан дәм татып, Атажұртқа деген сағыныш мауқын басқандай болды.

Фото: gov.kz

Көбірек оқыңыз