Тынышбаев кітабы қазақ тілінде жарық көрді

13 ақпанда Астана қаласында Мұхаметжан Тынышпаевтың бір ғасыр бойы қазақшаға аударылмаған еңбегінің тұсаукесері өтеді.

1925 жылы орыс тілінде жарық көрген «Материалы к истории киргиз-казахского народа» кітабы алғаш рет «Қазақ халқының тарихы» деген атаумен ана тілімізде басылып отыр. Бұл маңызды жобаны жүзеге асыруға кәсіби аудармашылар, алаштанушылар мен Тынышпаев еңбектерін зерттеушілер атсалысты.

Кітапта қазақ халқының шығу тегі, этникалық құрамы, ру-тайпалық жүйесі жан-жақты сипатталған. Тынышпаев тарихи оқиғаларды, шежірелер мен жазба деректерді негізге ала отырып, қазақтың мемлекеттілік дәстүрлерін, көшпелі өркениетін және көрші халықтармен қарым-қатынасын талдайды. Сонымен қатар, қазақ хандығының қалыптасуы, ұлт ретінде дамуы және түрлі тарихи кезеңдердегі күрестердің маңызы кеңінен баяндалады.

Бұл еңбек қазақ тарихының терең қатпарларын ашып, оны жүйелі әрі ғылыми тұрғыда талдаған алғашқы еңбектердің бірі саналады. Кітапта қазақ шежіресі арнайы кесте түрінде берілген, бұл оны тарихи дереккөзі ретінде құнды етеді.

Тұсаукесер 13 ақпанда сағат 19:00-де Астана қаласында, Бейбарыс Сұлтан көшесі, 12А мекенжайында орналасқан Ozgeepic шығармашылық студиясында өтеді. Іс-шараға тарихшылар, әдебиеттанушылар, журналистер, тіл жанашырлары және кітапсүйер қауым шақырылады.

жаңалықтар тұлға мәдениет тарих
Көбірек оқыңыз