Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі шиеленістің күшеюіне орай елдегі негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі және баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, Президент Әкімшілігінің басшысына, күштік құрылымдардың жетекшілеріне және өңірлер әкімдеріне Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды", – деп жазды Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Бұдан бөлек, Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандырылғаны атап өтілді.

Берік Уәлидің мәлімдеуінше, елдегі жағдай Мемлекет басшысының жеке бақылауында. "Қазақстан үшін басты стратегиялық міндет – тұрақтылықты, тыныштықты және заңдылықты сақтау. Біздің мемлекет екі славян халқы арасындағы қақтығысты келіссөздер арқылы бейбіт шешу қажеттігін үнемі айтып келеді", – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин 19 қарашада ATACMS зымырандарының және 21 қарашада Storm Shadow жүйесінің көмегімен Курск пен Брянск облыстарындағы нысандарға шабуыл жасалғанын мәлімдеп, Украинадағы қақтығыстың ғаламдық сипат алып жатқанын айтқан болатын.

Көбірек оқыңыз