Ұлттық госпиталь дәрігерлері 102 жастағы науқасты аяққа тұрғызды

Ұлттық госпитальдің травматологтары 102 жастағы Зейнеп Әбілжанованың жамбас сүйегін салу операциясын сәтті өткізді. Бұрын мұндай жарақат егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті болып саналып, олардың қалыпты өмірге қайта оралуы қиынға соғатын. Алайда қазіргі медицинаның дамуының арқасында, заманауи әдістер қарт науқастардың да сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр.

Травматолог Айбек Дәуріжанның айтуынша, операция күрделі өтті, себебі пациенттің қосымша диагноздары болған. Сондықтан хирургиялық араласу алдында дәрігерлер науқастың денсаулығын мұқият тексеріп, қажетті емдеу шараларын жүргізді. Операция сәтті аяқталып, келесі күні Зейнеп апа өздігінен отыра алды.

Зейнеп Әбілжанова – еңбек майданының ардагері. Ол ұзақ жылдар бойы Шу қаласында, кейін Алматыда еңбек еткен. Жастайынан белсенді өмір салтын ұстанып, алты баланы тәрбиелеп өсірген, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әже.

Жүз жастан асқан кейуана ұзақ өмір сүруінің сырын өмірге деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығында деп біледі. Осындай жаста да белсенді болу – үлкен ерік-жігер мен мықты рухтың көрінісі.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз